📌 Мектепте директор жанындағы кезекті кеңес өткізілді
Мектебімізде мамыр айындағы директор жанындағы кезекті кеңес өткізілді. Кеңестің негізгі күн тәртібінде 2025–2026 оқу жылының аяқталуын ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар мәселесі қаралды.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің оқу жылын қорытындылау іс-шараларын өткізудің мазмұны мен тәртібін айқындайтын тұжырымдамасы таныстырылды. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №1768 хатын басшылыққа ала отырып, мектептің 2026 жылғы 15 мамырдағы №145 бұйрығы негізінде атқарылатын жұмыстар бойынша педагогикалық ұжымға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жиында оқу жылының аяқталуына байланысты бекітілген мектепішілік іс-шаралар жоспары таныстырылып, әр бағыт бойынша ұйымдастырылатын жұмыстардың мақсаты мен мазмұнына жеке-жеке тоқталынды. Әсіресе, оқу жылының қорытынды кезеңіндегі тәрбие жұмыстары, сынып сағаттарын өткізу тәртібі және жазғы демалыс қарсаңындағы ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кеңестегі басты назар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталды. Осыған байланысты білім алушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында орындалуы тиіс қауіпсіздік шаралары мен профилактикалық жұмыстардың тәртібі түсіндірілді.
Сондай-ақ 25 мамыр күні өткізілетін сынып сағаттарының мазмұны мен ұйымдастыру ерекшеліктеріне тоқталып, бітіруші сынып оқушыларына қатысты қауіпсіздік талаптары мен тыйым салынған іс-әрекеттер жөнінде нақты ескертулер берілді.
Кеңес қорытындысында педагогикалық ұжымға оқу жылын жоғары деңгейде қорытындылап, барлық іс-шараларды талапқа сай әрі қауіпсіз ұйымдастыру міндеті жүктелді.